АЛМАТЫ қаласының ресми интернет-ресурсы
 
МЕНЮ

Негізгі бет v2015

Кері
Алматыда XVI Еуразия Медиа форумы өтуде

Алматыда әлемнің 50 елінің 600-ден астам өкілдері жиналған XVI Еуразия Медиа форумы өтуде. Танымал журналистер, белгілі қоғам қайраткерлері мен беделді саясаткерлер Қазақстан мен халықаралық қоғамдастықтың геосаяси, экономикалық және әлеуметтік мәдени дамуының маңызды мәселелерін талқылауда.

Форумға қатысушыларды құттықтаған мегаполис әкімі Бауыржан Байбек 17 жыл бұрын алғаш Алматыда тұсауы кесілген Еуразия Медиа форуымының бүгінде медиа саласының кәсіптік өзекті мәселелерімен қатар әлем қоғамдастығын толғандыратын маңызды тақырыптарды талқылайтын беделді халықаралық сұхбат алаңына айналғанын атап өтті.

«Масс-медиа – өмірдің журналистер арқылы ұсынылған көрінісі ғана емес, сонымен бірге ол қоғам өмірін бағыттауға, жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін аса қуатты ақпараттық институт. Алматы – қашаннан белсенді азаматтар қаласы, осынау мазмұнды да мақсаты биік форумның өтуі қалалықтардың үлкен қызығушылығын тудырады. Бүгінгі күні қалада 4 мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар және 1 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдары қызмет етеді. Сарапшылар қауымының белсенділігі жоғары. Қаламызды дамытуда жұртшылық пікірін ескеру мақсатында азаматтық қоғаммен және тұрғындармен өзара тығыз байланыстың жаңа тетіктері қолға алынған», - деді Бауыржан Байбек.

Мысалы, әкімдіктің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауы ойдағыдай жұмыс істеуде. Биылғы жылдан бастап Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бюджеттің 1 пайызын қайда жұмсауды тұрғындар ырқына беру жөніндегі ұсынысына сәйкес «Бюджетке қатысу» жобасы іске қосылады. Алматының әр ауданында тұрғындар өздері ұсыныс енгізе отырып, дауыс беру арқылы қаржының қайда жұмсалатынын анықтайтын болады.

«Орнықты мемлекеттіліктің кепілі мызғымас құндылықтарға табан тіреу болып табылады. Бұл құндылықтар әлем қалай дамыса да өзгермейді, адамзатпен бірге жасай береді. Олардың қатарында ізгілік, әдептілік, ынтымақ, білімге құштардық, үйлесім бар. Бұлар кез-келген қоғамның негізі болып табылады. Трансформациялық процестер қарқын алған қазіргі кезеңде бұл құндылықтардың өзектілігі барынша артуда. Ал осынау адамзатқа ортақ асыл құндылықтарды тарату мен қалыптастыруда БАҚ-тың маңызы жоғары. Сондықтан әлемдегі ілгерішіл де ойлы тұлғалардың сараптама алаңына айналып отырған Еуразиялық Медиа форумы адамзаттың әрі қарай дамуының негізгі бағыттарын белгілеуге, ынтымақтастықты ілгерілетуге, жалпы айтқанда әлемді жақсартуға қызмет ете береді деп сенемін», - деп атап өтті қала әкімі.

Алматы - әлемдік деңгейдегі басқосулар мен келіссөздер алаңы, өңірдегі ірі мегаполис. Соңғы жылдары қалада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Мэрлер саммиті, Бүкіләлемдік 28-ші Қысқы Универсиада ойындары жоғары деңгейде өтті. Алғаш рет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының аумағынан тыс «Еуразия апталығы», қатысушылары «Цифрлық Давос» деп бағалаған Еуразиялық экономикалық одақтың Цифрландыру жөніндегі форумы екінші рет өткізілді.

«Алматыда жыл сайын 50-ден астам халықаралық бұқаралық мәдени және спорттық іс-шаралар, джаз, классикалық және этникалық музыка фестивальдері өкізіледі. Мысалы осы сенбіде қаламызда дәстүрлі «The Spirit of Tengri» халықаралық этникалық әуен фестивалі өтеді. Мен демалыс күндері қаламызда болатын форумға қатысушылардың барлығын осы айшықты фестивальдің құрметті қонағы болуға шақырамын. Барлықтарыңызға жылы қонақжайлылықты сезінуді, ғажап табиғат пен қаламыздың көрнекі орындарынан нәр алуды, біздің ұлттық мәдениетіміз туралы көп білуді тілеймін», - деді Бауыржан Байбек.

23.05.2019

жоғары

Все права на материалы, размещенные на этом сайте, принадлежат Акимату г. Алматы
© 2005-2019 РК , 050001 г. Алматы, площадь Республики, 4
Информационное наполнение и сопровождение: Пресс-служба акима г. Алматы
Телефон Пресс-службы акима г. Алматы: +7 (727) 271-65-13
Email: smi@a-a.kz
Қаз   Рус   Eng